Пятница, 26.04.2024, 01:09
Приветствую Вас Гость | RSS

Сайт-портфолио Байбековой С.К.

Форма входа
Категории раздела

Каталог статей

Главная » Статьи » Қазақ тілі мәселесі » Қазақ тілі жағдайы

ТӘУЕЛСІЗДІК ТІЛІМІЗДІҢ ТЫНЫСЫН КЕҢЕЙТТІ

БАЙБЕКОВА СОВЕТГҮЛ КАРИПОЛДАҚЫЗЫ

ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ

ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН  ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ

ТЕЛ: +7(777)491-29-88                  e-mail: bsovetgul@mail.ru

ТӘУЕЛСІЗДІК ТІЛІМІЗДІҢ ТЫНЫСЫН КЕҢЕЙТТІ

Біз бүгін тәуелсіз, жаңарған Қазақстанның әлемдік рухани құндылықтарды жан-жақты меңгеруге ұмтылған кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Әлемдік құндылықтың бастауы - ұлттық және адамдық құндылық. Осы ретте ғаламдық үйлесілімділікке қазақ тілі мен мәдениетінің өзіндік орны барын ешкім де жоққа шығара алмайды. Қазақстан Республикасы өз Конституциясында «Мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп жазды. Бұл тоқтам ынтымақ пен бірліктің арқасында жүзеге асқанына тарих куә. Ал қоғамымыздағы өтпелі кезеңнің қиындығы, ұлтаралық қатынастардың шешетін мәселесі бәрімізден Ата Заңға адалдықты, мемлекеттік тілге мейлінше қамқор болуды тілейді. Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу Заңнама, құжат әзірлеу,  осы тарапта оқу-әдестемелік материалдар дайындау елдігіміздің басым бағытының бірі деуге негіз бар.                                                              

Тіл адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге   олардың рухани өмірінің басты айқындаушысы да. Адам негізінен қай тілде сөйлесе, сол ұлттың рухымен өмір сүреді. Сондықтан да тіл мәселесінің ұлт өміріндегі аса маңызды шешуші рөліне ұлт зиялылары, оның ішінде қаламгерлер алдымен назар аударды. Ұлттың көзі, құлағы, сезімі саналатын ақын-жазушылар отаршылдық саясаттың зардабынан әбден қалжыраған қазақ тілінің халін көріп, бұлай жалғаса берсе, ұлт болашағына үлкен қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қақты.

Тіл мәселесі – аса ауқымды мәселе. Адам баласының рухани өмірінде тілдің қатыспайтын жері жоқ, керек десеңіз, басты рөл атқарады. Сондықтан да тіл мәселесін көтеріп, тоқсаныншы жылдары жарық көрген материалдарда осыған қатысты айтылмай қалған пікір болмады деуге де боларлық. Тек есітерге құлақ, түсінуге түйсік жағы жетіспей жатқандығы да – ащы шындық.
«Бiр жылдығын ойлаған халық егiн егедi, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егедi, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейдi», - деген халық даналығы бар. Елбасы осы пiкiрдi тереңдете: «Алыстан ойламаған жақыннан уайым табады» деген сөз бар. Бiз болашағымызды болжап отырған елмiз. Ендi тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабiлет, ең бастысы, Отанға деген шексiз сүйiспеншiлiк керек», - деп ел болашағы туралы қадау-қадау ой айтты.

Тілдік ахуал уақыт өткен сайын жақса­рып келеді. Тәуелсіздік тілді тығырықтан шығарып қана қойған жоқ, оның ғұмырын ұзартты, тынысын кеңейтті. Кеңестік кезең мен қазіргі уақыттың айырмасы жер мен көктей. Тілдік орта қазақыланды. Қазір кез келген ұлт өкілі өзі сөйлемесе де, қазақша әңгіменің не туралы екенін ұғып тұрады. Тіл үйренуге деген ықылас артты. Басқа ұлт өкілдері тілге шындап бет бұрды. Бұрын олар бүкіл елде бірді-екеу ғана болатын. Көп алдына шығып, мемлекеттік тілде мемлекет мәселелері туралы суырылып сөйлей алатын өзге ұлттың бозбалалары мен бойжеткендері қазір жетіп-артылады. Александр Верещак, Оксана Петерс, Максим Рожин, Елена Шаковец, Майя Веронская, Ирина Ким, Светлана Крюгер секілді жастар қазақша жорғадай жосылады. Мемлекеттік қызметке екі тілде еркін сөйлейтін жастар келді. Қос тілді қос қанатына айналдырған жас билингвист-журналистер ақпарат саласының ажарын ашты.

Тілдің дамуына әр адам өз үлесін қосады. Солардың қатарында қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұстаздарының орны ерекше деп ойлаймын.  Қазақ тілі сабағы әрі тартымды, әрі қызықты, әрі сапалы болуы әр пән мұғалімдерінің өзіне, білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты. Оқу-тәрбие негізі - сабақ. Сондықтан сабақ тартымды, әсерлі,мақсатты, айқын, қызықты және толық мәнді болуы тиіс. Ол - сонымен бірге балаларға қазақтың әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын, өнерін насихаттайтын пән. Сондықтан оқытушы сабақты дұрыс жоспарлап , сабақтың мазмұнын, құрылысын,  жұмыс жүргізу тәсілін мұқият ойластыруы қажет.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында « Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдарға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу;білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерітерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге,жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттілігі туындайды. Білім берудің маңызды шарты - оқу үрдісін жаңара отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабылеттерін дамыту, олардың өздігінен білім алуға құштарлығын жетілдіру, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауда мұғалім іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыру болып табылады.                                      Оқыту барысында өз сабақтарымда қолданып жүрген технологиялар ішіндегі «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы» стратегиялары қазақ тілі мен әдебиеті пәніне арнап құрастырылған десем, артық айтқаным болмас.Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқумен жазуды дамыту технологиясын сабақ үстінде оқушыға мынандай мүмкіндіктер беретінін анықтадым:

  • мұғалімге тәуелділіктен арылып, оқушы  білімді  өзі басқаруға;
  • білім мәдениеттілігі мен маңыздылығын түсініп, қажетті іс-әрекетті белсене  өз бетінше орындауға;                                                                                                                               
  • жеке ерекшелігі мен қабілетіне сай тапсырмаларды өзі таңдап, іздеп тауып, белсене орындауға;
  • білім мен мәдени құндылықтарды игеру ісін топтасып және ұжымдасып мұғалім көмегінсіз атқаруы;
  • құр мәлімет алумен шектелмей, сабақ барысында өз пікірін ашық айтып, сұхбат жүргізуге;
  • ой-өрісі ғана емес,  рухани және әлеуметтік жағынан өздерін- өздері дамытып, тәрбиелеуге.

Сын тұрғысынан  ойлау бағдарламасында 100-ге жуық стратегиялар бар. Қазіргі кезде мен қолданып жүрген стратегиялар Венн диаграммасы, «Т» кестесі, эссе, ой қозғау, инсерт, шығу парағы,  кубизм , дискуссиялық өрнек,  кластер, ішіне сыртына , синквин,  т.б. Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқу мен жазу дамыту технологиясын сабақ үстінде қолдану барысында  төмендегідей тиімділіктерге қол жеткізуге болады.

  1. Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау.
  2. Сенімділікке тәрбиелеу.
  3. Қиялын дамыту « менің ойымша» деген жауапқа алуға жағдай жасау.
  4. Әр түрлі жауапты соңына дейін тыңдау.
  5. Жауап беруге тілек білдірмеген баланы өз еркінсіз, қинап сұрамау.
  6. Баланың дүниетанымының кеңіп, рухани өсуіне, әр сабақта жағдай жасау.
  7. Жеке тұлға ретінде « мен» деген рөлін көтеру, өз пікірін қалыптастыру.

« Сын тұрғысынан ойлау» сабақтарының  алғашқы бөлігі міндетті түрде қызығушылықты оятуға арналады / сұрақ қою/, екінші  «мағынаны тану» кезеңінде / жауаптар іздеу, мәселені зерттеу /мәтінді жан- жақты  және әр тұрғыдан талдау жұмысы жүреді.                                                                           Үшінші, білім «ой толғаныс» арқылы жалпылама жүйеленеді, ойлау  үрдісінің ең жоғарғы сатысында мәселені талқылау . Яғни, мұғалім оқушыларын ойлауға тұрақты түрде үйретеді.                                                                                        СТО бағдарламасын қазақ тілі мен әдебиет сабағында қолдана бастағаныма көп уақыт болмаса да, мынандай пікірге келдім. Тек осы жүйемен өтілген  сабақтарда ғана оқушылардың жазған, айтқан сөздерінде табиғатқа , елге, айналаға, өзгеге, өзіне деген азаматтық жауапкершілік үні айқын сезіліп, оқушылардың бойында ұйымдастырушылық, көсбасшылық қабылеттері қалыптаса бастады.Алғашқыда дайын білімді алуға тырысатын оқушылар  енді жаңалық ашуға, өз қолымен өнім жасауға, сұлулықты  сезінуге ұмтылыс байқатты. « Маған айтып берсең, ұмытып қалармын, көрсетіп берсең есте сақтармын, өзіме жасатсаң, үйреніп алармын»,- деген шығыс нақылын сабақ жоспарлау кезіңде есте ұстаған жөн. Осы технологиямен  өткізілген сабақ үлгісін  ұсынып отырмын. Қазіргі оқытудың талабына сай компьютерлі технологияны пайдаланып Мұхтар Әуезовтың «Қараш-Қараш оқиғасы» бойынша пікірталас сабағы(8-сынып).

Әдебиет-жай ғана «сабақ» деген аяға сия бермейтін кең ұғым. Біз әдебиет сабағының негізгісі - көркем шығарманы талдау деп есептейміз. Осы көркем шығарманы Карл Поппердің «Дебат – пікір сайыс » бағдарламасы бойынша талдауға болады.                                                                                                               Сабақтың мақсаты:

1.     Әңгіменің басты кейіпкері Бақтығұлдың іс-әрекетіне  екі түрлі көзқараста баға беру. оқиға мазмұнын пайдалана отырып, оқушылардың кейіпкерлерге толық мінездеме беруіне, тағдырына ортақтаса алуына мүмкіндік туғызу, кейіпкерлер арасында ізгілік қарым-қатынасты талдау.

2.     Қызу пікірталасқа қатыса отырып, әр топ (жақтаушы, даттаушы) өз пікірін дәлелдемелерге сүйеніп, айғақтар келтіру арқылы өз көзқарастарын қорғап шығу. Шағын топпен бірлесе ынтымақпен жұмыс атқаруға,  салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтеуге, бірігіп қорытынды  жасауға  тәрбиелеу.

3.     Оқушыларды көркем әдебиетті оқуға  ынталандыру; ой-өрісін кеңейту, сөйлеу тілін дамыту, тіл мәдениетіне көңілдерін аударту.Шығарманы  түсініп оқу, яғни сөз арасына үңіліп, мағынасын түсіну, өзекті ойды бөліп ала білу, сыни тұрғыда ой қортындысын жасау, өз пікірін қорғай білу және сөйлеу мәнерін қалыптастыру, дағдысын қалыптастыру.  Сабақтың түрі: дәстүрлі емес сабақ.  Сабақтың әдісі: пікірін айту, мәтінмен жұмыс, қарама-қарсы сұрақ қою. Пәнаралық байланыс: тарих, бүгінгі өмір.

Көрнекілігі:  М.Әуезовке арналған кестелер, слайд, «Асуда атылған оқ»                (қырғызфильм) атты көркем фильмнен үзінді                                                        І. Сабақтың барысы: Ұйымдастыру  Кіріспе сөз                                           Мұғалім: Ш. Айтматов М. Әуезов туралы былай деген екен: «Бүкіл әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсіру үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек».                                                       Бүгінгі сабақта ХХ ғ. әдебиетінің заңғар биігі, шығармасы арқылы қазақ халқын дүние жүзіне танытқан, Николай Погодин айтқандай: «Қазақтар үшін екінші Абай болған»-  М.Әуезовтің  өз  халқының  жүрегіне  үңіліп,  ұлы  Абай  шеше  алмаған  түйіндерді  шешуді  мақсат  еткенін айттым.                          ІІ. Қызығушылықты ояту. 
Оқушылар өздері дайындаған «Бақтығұл мен  Сәлменнің ағасы Сәтпен кездесуінен»  көрініс көрсетіледі.                                                                              
ІІІ. Сабақты  «Дебат» үлгісі бойынша жүреді
Резолюция ұсынылады: «Қалай ойлайсыңдар, Бақтығұл кім? Ол Сәлмен мен Жарасбайдың «құрбаны» ма, әлде кек алушы күрескер ме? Немесе қорғансыз сорлы ма?                                                                                                                                               Қызу пікірталасқа қатыса отырып, әр топ (жақтаушы,  даттаушы) өз пікірін дәлелдемелерге сүйеніп, айғақтар келтіру арқылы өз көзқарастарын қорғап шығу.ақтаушы ,  даттаушы   топтар әр проблемалық сұрақтарға өз пікірлерін білдіреді әр сұраққа 1-2 минут беріледі)                                                       Жақтаушы топ: Бақтығұл қылмыскер емес. Тәні де жаны да сау, еңбекқор Бақтығүл Сәлмен, Жарасбай сияқты дала жауыздарының құрбанына айналды, дей келіп, контррезолюция ұсынады  «Арым жанымның садағасы»

Даттаушы топ: Бақтығұл қылмыскер . Ары, ұяты, кегі оянған Бақтығұл өзіне сонша қиянат жасаған, сезім, сенімін алдаған Жарасбайға өлім үкімін шығарады Ары да, қолы да таза Бақтығұл белшесінен қылмысқа батады  дей келіп, контррезолюция ұсынады: «... шелек жалаған тұтылады», немесе «О заман! Артар бәрін саған ғана, обалын кім көтерер сенен басқа»                                                                                                 
ІV.  « Сырт көз» 2 топтың айтқан пікіріне талдау жасай отырып, бағалайды. Бұдан мынандай қортынды шығады: Жалпы шығарманың көтерген проблемасы феодалдық замандағы қорғансыздар, кедейлер тағдыры, әділетсіздік, жауыздық, ел ішіндегі барымта, ұрлық, күндестік сияқты сахара өмірінің небір шындық картинасын көрсету, әділдік іздеу, шындық іздеу, сол жолдағы адасу, кек қайтару сияқты бас қаһарманның жанталасқан іс-әрекеті, психологиялық күй-жағдайлары повестің негізгі өзегі, қазығы.                                

V.  «Асуда атылған оқ» (қырғызфильм) атты көркем фильмнен үзінді көру.

VІ. Ой-толғаныс: Екі түрлі түсініктеме күнделігі

Қатты әсер еткен тұстары нан үзіңді     Әсер  еткен үзіңділер жайлы пікір жаз                                                                 жаз

                                                                                                                                

 


VІІ . Шешім шығару: Қатысқан мұғалімдер мен оқушылардың пікірін тыңдау және дауысқа салу.

VІІІ . Бекіту: «Қорғансыз»  сөзінің астары неде? Жалпы, қорғансыздар туралы не ойлайсыңдар?
Оқушының ойын оқу арқылы бүгінгі өмірмен байланыстыра отырып, сабақты қортындылау.  Қазіргі өмірде қорғансыздар бар ма? Мысал келтіре отырып, ойын дәлелдеу.

ІX. Қорытынды. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанда «қорғансыздар» жоқ. ҚР әр азаматының құқығы АТА ЗАҢ-ымыздың 12-бабында  көрсетілгендей қорғалған.    


X. Бағалау       

Осы сабақты өткізе отырып, қол жеткен жетістіктерім:

- Оқушының пәнге қызығушылығы артты.

- Кейіпкердің іс-әрекетін мысалдармен дәлелдеді.

- Бей-жай отырған оқушы жоқ, бәрі топтық, ұжымдық  іс-әрекетте.

- Тіл байлығы артып, ойлау қабылеті дамыды.

- Дүниетанымдық  көзқарасты қалыптастырды.

- Бір-бірін сыйлауға, құрметтеуге үйренді.

- Топ алдына шығып, еркін өз ойын айтуға дағдыланды.

           Тәуелсіздік тіліміздің тынысын кеңейтті десек те, қоғам дамуымен бірге рухани салада туындап отырған проблемалардың түрлі себептерге байланыс­ты замана талабына сай уақытылы шешімін тауып отырмағандығы салдарынан қазақ тілінің де көптеген мәселелерінің шешім табуы алдағы уақыттың еншісінде деп ойлаймын.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Педагогикалық ізденіс . Алматы - Рауан . 1993 ж.

2. М. Байжанов., «Педагогикалық инновация және оқытудың  қазіргі технологиялары» Қызылорда, 2000ж.                                                                                   3.  Халперн Дайана. Сыни тұрғыдан ойлаудың психологиясы. - Санкт-Петербург, 2002ж.                                                                                                                  4.  Айтмамбетова Б.Р. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері. – Алма-Ата, 1985ж.                                                                                                         5. Жанпейісова М.М. Модульдік оқыту технологиясы студентті дамыту құралы ретінде. - Алматы, 2002ж.                                                                                         6. Қазақ тілі: әдістеме  №4, 2011ж.

7. Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл №6, 2011ж.

Категория: Қазақ тілі жағдайы | Добавил: sovetgul (13.02.2012)
Просмотров: 4231 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 94
Социальные сети