Четверг, 28.03.2024, 15:23
Приветствую Вас Гость | RSS

Сайт-портфолио Байбековой С.К.

Форма входа
Категории раздела

Каталог статей

Главная » Статьи » Қазақ тілі мәселесі » Қазақ тілі жағдайы

Қазақ тілінің қазіргі жағдайы
Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайы туралы жеке пікір.
13:04
Қазақ тілінің тағдыры, болашағы кеудесіндегі жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматты алаңдатары айдан анық. Тарихтың аумалы-төкпелі сан алуан соқпағында «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы қаншама «тар жол тайғақ кешулерді» басынан кешіріп, қиындық көрсе де ешқашан тілінен, дінінен айырылған жоқ. Сонымен қатар қазақ тілімен ауызданбаған, анасының әлдиін естімеген, өз ана тілін білмейтін бауырларымыз да аз емес. Оны ешкім жоққа шығармайды. Себебі олар 150 жылға созылған Ресейдің орыстандыру саясатының құрбандары. Қазіргі уақытта баршаның баласын бауырына басып, бір үзім нанын басқамен бөліскен, бағынан соры басым қазақ халқы не көрмеді?!. 20 ғасырдың басында Ресейден Қазақ жеріне орыстың мужиктері көшіріле бастады. 30 жылдар мен 40 жылдардың соңына дейін бір неше миллион басқа ұлт өкілдеріне, коммунистер алдында сатқындық жасады деген айып тағылып, Қазақстанға көшірілді (Олар репрессияға ұшыраған немістер, шешендер, қалмақтар, поляктар, гректер, қарашайлар, балқарлар т.б.).
 
1917-1921-ші жылдар аралығында қызыл әскердің соғысы, ұжымдастыру науқаны кезінде миллиондаған қазақ қырылды, бір бөлігі жан-жаққа тарыдай шашылды.
 
1932-1933 жылдардағы жасанды ашаршылықтан Қазақстанда тұратын қазақтардың жартысынан көбі көз жұмды.
 
Ал 1937-1938 жылдардағы репрессия кезінде қазақтың бетке ұстар, зиялы азаматтары жаппай қуғын-сүргінге ұшырады.
 
1941-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстаннан әскерге тартылған 1 миллионнан астам қазақ жігіттерінің 500 мыңға жуығы елге оралған жоқ. Осы 500 мың тепсе темір үзетін қазақтың ер азаматы аман болып, отау құрса қазіргі жағдайымыз басқаша болар еді.
 
1954-1957 жылдары аралығында Қазақстаннның жерін игереміз, бидай өсіруге жағдай жасаймыз деп Тың игеруге орталық Россиядан 1-2 миллион орыс Қазақстанға көшірілді.
 
Соның нәтижесінде 60 жылдары қазақтар өз отанында 25 пайыздың шамасында болып шыға келді. Кейбір облыстарда қазақ көбірек болды, әсіресе ауылдық жерлерде, ал кейбір облыстарда қазақ мүлдем болмай немесе 1 пайыздан аспай қалды.
 
Осылайша атажұртта қалған қазақ маңдайына жазылған қорлық пен зорлықты бастан кешірді.
Айта кетерлігі 60 жылдардың соңында Қытай шекарасын ашқанда Қазақстанға 200 мыңға жуық қандасымыз жаяулап өтіп, қазаққа қуатты күш берді.
 
XX-шы ғасырдың басында түркі халықтары арасында (Ресей патшалағының мәліметтері бойынша) қазақтар сан жағынан Осман империясы түркілерімен тең болса, қазір Анадолудағы түрік ағайындар 80 миллионға жетіп отыр, ал біз әлі де 20 миллионға жеткен емеспіз.
 
Кеңес уақыты кезінде, өзге ұлт өкілдері басым болғанның өзінде қазақтар тығыз қоныстанған Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Семей, Шымкент, Торғай облыстарында қазақ тілі өзінің мәртебесін жоғалтқан жоқ. Мұны ешқашан естен шығармаған абзал.
Оған қоса өзім тұрып жатқан кейбір ағайындардың пайымдауынша «орыстанған» Павлодар облысында Баянауыл, Май, Ақтоғай, Лебяжі, Ертіс аудандары таза қазақ аудандары болды, онда тек қазақ тілі салтанат құрып, сәбилерінің тілі ана тілінде шықты, балалары қазақ мектептерінде оқыды. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.
Тіпті орыс тілін білмейтін ауыл балалары жоғары оқу орындарына оқуға түскенде тілден қиындық көргендерін білеміз.
 
Қазақстанда бүгінгі күні 16 миллион халықтың 11 миллионы қазақтар, солардың 3 миллионы қазақ тілін білмейді, немесе нашар біледі. Ал қалған 8 миллионы қазақша біледі және өз ойын ана тілінде жеткізе алады.
 
Бір сайттың чатында Моңғолияда тұратын бауырым «Қазақстанды біз қазақыландырып жатырмыз – дегенді алға тартқанда төбемнен жай түскендей болды. Мен «біз көп үлес қостық, сенің үлесің аз» деп алауыз болып бөлінуден аулақпын. Әрине, моңғолиялық, өзбекстандық қазақтар қазақ тілінің өрісін кеңейтуге өз үлестерін қосып жатыр.Оны ешкім жоққа шығармайды.
Ал 2 миллионнан астам халқы бар Оңтүстік Қазақстан (Шымкент) облысында жылына 210 мың қазақ баласы дүниеге келеді екен, бұл Моңғолиядағы барлық қазақтар санынан 2 есе көп. Әрі қарай өздеріңіз ойлана беріңіздер.
 
Тіл, дін, діл жалпы ұлттық мүддеге келгенде, бөлініп бұра тартпай, біріккеніміз дұрыс. «Бөлінгенді бөрі жейді, төртеу түгел болса, төбедегінің келетінін» ұмытпайық ағайын.
 
Мені әрқашан Ресейдің ірі қалаларында тұрып жатқан қандас-тарымыздың тағдыры алаңдатады. Себебі кішігірім ауылдарда қазақ тілі аз да болса сақталғанмен, халқы қалың қалаларда қаракөз бауырларымыз өз ана тілдерін мүлдем ұмытқан. Әсіресе жастар жағы тілден мүлдем мақұрым.
Ұлттық болмыстарын жоғалтып, көккөз көршілеріміздің қатарына көптеп қосылуда. Жастар жағы шетінен орысша сөйлеп, орысша түс көреді.
Ең жаманы, ең кісі шошитыны – «Сендердің Қазақстандарың ба?» – деп жамандай кететіндігі (Этот ваш Казахстан – деп).
 
Олар Қазақстан болмаса кез келген шет елде тұратын қазақтың ұлт ретіндегі болашағы жоқ екенін түсінбейді. Осындай жастардан не қайыр, не үміт күтесіз.
 
Еуропа қазақтары ұйымының төрағасы Абдулқайым Кесиджи болса өз жастарының болашағын тек Қазақстанмен байланыстырады. Бұл өте дұрыс шешім.
 
Ал басқа түскен зобалаңнан құтылу үшін жат жерге қоныс аударған Моңғолия қазақтары (Өлгийде 1920 жылдардағы соғыстар болмаса) жалпы тыныш өз бетімен өмір сүріп жатты. Қытай қазақтары 1930 жылдардағы көтеріліс кезіндегі қан төгістер болмаса, кейін бейбіт өмір сүріп, қазір 1 жарым миллионға жетіп қалды.
 
Кейін 1940 жылдары Қытайға берілмей Индия мен сосын (Индия екіге бөлінгенде) Пакистан жеріне өтіп кеткен қазақтар (Годфрейдің «Kazakh Exodus» деген кітабында бәрі жазылған және фотолары берілген) 1952-1954 жылдары Түркияға жеткен соң, сол жақта Исмил, Салихли (Маниса), Алтай ауылы, Истанбулға (Зейтінбурну мен Гүнешлі аудандарында) орналасып, ел қатарлы өмір сүре бастады.
 
Қытай қазақтары көптеген жылдар өздерінің салт-дәстүрлерін сақтап, ұлттық құндылықтарды ұлықтады. Қытайда жүздеген қазақ мектептері, өз баспалары, бұқаралық ақпарат құралдары болды. Ал 2005 жылдан бастап Қытай Үкіметі қытайландыру саясатын мықтап қолға алып, бір бұйрықпен қазақ мектептерін қытай мектептері қылып жіберді, тек қазақ тілі мен әдебиеті ғана қазақ тілінде беріледі деген хабар бар.
 
Моңғолияға барып келген достарымыз дәл осындай саясатты моңғолдар да бастапты дегенді айтып келді. 1994 жылдармен салыстырғанда ол жақта да қазір жағдай мүлдем басқаша. Қазақ тіліндегі оқулықтар тапшы, қазақ мектептерін моңғолдандыруды бастаған. Әрине қазақ қалың тұрғасын қазақ тілінде сөйлеп жүреді, бірақ адамның психологиясы өзгереді, себебі қытай болсын, моңғол болсын, орыс болсын қазаққа өз күшін, мықтылығын сіңдіріп бағуда.
 
Бұның нәтижесінде аты ғана қазақ, заты басқа қандастарымыздың жаңа буыны пайда болатынына ешкім шек келтіре алмайды. Қытай ақсақалдары шеттегі жастардың, жалпы қазақтың қамын ойлап Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа жазған ашық хатында, «Егер қазір кетемін дегендерді көшіріп алмасаңыз – 20 жылдан соң қытайды аласыз» деген барлығымызды ойландырар салиқалы пікірлерін білдірген. Әлем тәжірибесінде мектепке барған 6 жастағы бүлдіршіннің басына мектепті бітіргенше сол елді құрайтын бас ұлттың идеологиясы құйылады. Қазір мектепке барған қазақтың қара баласы 12 жылдан соң қу ханзу болып шыға келеді. Ал егер қытайлардың қазақ-ұйғырлар тұратын облыстарға жаппай көшіп жатқанын ескерсек, онда ақсақалдарымыздың болашағын болжап отырған көрегендігін көреміз.
 
Өткен жылғы халық санағы кезінде Қазақстанда қазақтар 63 пайызды құрады, ол үлкен жетістік және бұл жерде елге оралған ағайынның үлесі де зор. Әсіресе Моңғолия, Қытай, Өзбекстан елдерінен келген бауырларымыз өздерімен бірге ана тілімізді бірге әкеліп жатыр. Мен бұл азаматтарды Меккеден - Мәдинаға қоныс аударған мухажирлерге теңер едім. Себебі жаман жақсы болсын кіндік қаны тамған жерді, балалық балдәурен күндері өткен елді, ата-бабаларының зираттарын, өз қолдарымен салған үйлерін, айналысып жатқан кәсіптерін тастап, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұлағатты сөзді ұран етіп, атамекенге қоныс аударған ағайын-туыстарға алғыстан басқа айтарым жоқ.
 
Арнайы "Қайран Елім" сайтына
Сарбаз
Категория: Қазақ тілі жағдайы | Добавил: sovetgul (30.11.2011)
Просмотров: 8442 | Комментарии: 4 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 2
2 жанар  
0
біз бара-бара қазақыланамыз ба десек, орыстанып бара жатыр екенбіз. өйткені жақсы жұмысқа тұру үшін міндетті түрде орыс тілін білу керексің. содан нәтиже қазақ тілі жолда қалып, орыс тілі сұранысқа ие болып мәртебесі өскен үстіне өскен. менің да алаңдайтыным қазақ тілі жойылып кете ме деп.

1 п  
0
аекне

Имя *:
Email *:
Код *:
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 94
Социальные сети